УНИВЕРСИТЕТІМІЗ – МЕДИЦИНАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ БОЙЫНША КӨПСАЛАЛЫ ЖОО АРАСЫНДА КӨШБАСШЫ

2024–2025 оқу жылына арналған Қазақстандағы көпсалалы жоғары оқу орындарының медициналық факультеттері рейтингі жарияланды. Университетіміз жалпы рейтингте І орынға ие болып, үздік нәтиже тіркеді.
Рейтинг білім беру қызметінің кешенді талдауы негізінде әзірленіп, ЖОО-ы төрт негізгі көрсеткіш бойынша бағаланды: білім беру сапасы, түлектердің еңбек нарығындағы сұранысы, интернационалдандыру деңгейі және профессор-оқытушылар құрамының әлеуеті.
Жалпы рейтинг қорытындысы бойынша оқу орнымыз 432,6 балл жинап, көш бастады. Салыстырмалы түрде қарасақ, екінші орындағы Ш.Уәлиханов атындағы КМУ 285,1 балл, ал үшінші орындағы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 237,87 балл жинаған.
Бұл нәтиже – университеттің медициналық білім беру сапасының жоғары деңгейінің, түлектерге еңбек нарығындағы сұраныстың және клиникалық-академиялық дайындықтың тиімді моделінің жемісі.
Ал жекелеген көрсеткіштер бойынша жүргізілген талдауға тоқталсақ, Ахмет Ясауи университеті білім беру сапасы бағытында ЖОО арасында жалғыз «жоғары деңгейге» (150-200 балл) ие болған оқу орны атанды. Университет бұл көрсеткіш бойынша 194,3 балл жинады. Бұл нәтиже интернатура мен резидентура түлектерінің тәуелсіз емтихандардан сәтті өтуіне және студенттердің халықаралық додалардағы жетістіктеріне негізделген.
Сонымен қатар, университет түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші мен сұранысқа ие болу деңгейі де жоғары бағаланып, бұл бағытта 114,8 баллмен сенімді позицияға ие болды.
Интернационалдандыру көрсеткіші бойынша университет 40,0 балл жинаса, профессор-оқытушылар құрамының әлеуеті 83,5 баллды құрады.
Университеттің мұндай биік белесті бағындыруы – ұзақ жылдар бойы жүргізілген жүйелі және мақсатты жұмыстың нәтижесі. Соңғы жылдары білім беру бағдарламаларын жаңғырту, халықаралық стандарттарға сәйкестендіру, клиникалық базаларды дамыту, заманауи зертханалармен жабдықтау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды.
Сонымен қатар, оқу үдерісіне инновациялық әдістер енгізіп, студенттердің практикалық дағдыларын жетілдіруге ерекше көңіл бөлініп келеді.
Академиялық ұтқырлық бағдарламаларының аясы кеңейіп, шетелдік серіктес жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатылды.
Әрине, рейтингтегі жоғары көрсеткіштер – университет ұжымының, оқытушылар құрамы мен студенттердің ортақ мақсат жолындағы қажырлы еңбегінің нәтижесі. Профессор-оқытушылардың кәсіби деңгейін арттыру, халықаралық тағылымдамалар мен ғылыми жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жалғасын таппақ.
Алдағы уақытта оқу ордамыз интернационалдандыру бағытында да жұмыстарды күшейтіп, әлемдік білім беру кеңістігінде өз орнын нығайта бермек.
Университет және медицина бағыты бойынша факультеттер ұжымы бұдан әрі жоғары сапалы білім беру мен ғылыми зерттеулерді дамыту жолында аянбай еңбек етіп, жаңа биіктерді бағындыруға ниетті.






