STUDY IN KAZAKSTAN 2026: ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫ КӨРМЕСІ ӨТТІ

Бүгін университетте еліміздің жоғары оқу орындары және шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарының «Study in Kazakhstan» атты көрмесі өтті. Мектеп оқушылары үшін маңызды шараны ҚР Ғылым және Жоғары білім министрлігі ұйымдастырды. Аталмыш шараға университетіміз бен Түркістан облысының білім басқармасы қолдау білдірді.
Study in Kazakhstan көрмесінің мақсаты – қазақстандық талапкерлерді елімізде халықаралық стандарттарға сәйкес келетін диплом алуына мүмкіндік беру. Сондай-ақ, жалпы жоғары оқу орнында бекілтілген мамандықтармен таныстыру және мамандықты дұрыс таңдауда бағыт-бағдар беру.
Жиынның ашылу салтанатында университет ректоры Жанар Темірбекова алғаш сөз алып: «Құрметті мектеп оқушылар және ұстаздар! Еліміздегі ЖОО мен шетелдік ЖОО-ның филиалдары басшылары, сала мамандары, жалпы қонақтар, киелі Түркістанға, соның ішінде университетімізге қош келдіңіздер! Study in Kazakhstan көрмесі — білім саласындағы бірегей жобалардың бірі. ҚР Ғылым және жоғары білім министр кеңесшісі Руслан Емелбаев және Түркістан облысының білім басқармасы басшысы Ғалымжан Орынов алғыс білдіреміз, осындай керемет жобаны дәстүрлі түрде ұйымдастырып келе жатыр, өте қуаныштымыз. Мектеп оқушылары – сіздерді жарқын болашақ күтіп тұр. Оқу, білім жолында әрқашан аянбай еңбек етіңіздер. Алдағы Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары балл жинап, қалаған оқу орындарыңыз бен армандаған мамандықтарыңыз бойынша грантқа түсулеріңізге тілектеспін», -деді.
Келесі кезекте ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев көрменің Түркістанда жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан Түркістан облысы Білім басқармасына және көрменің өтуіне жағдай жасаған Ахмет Ясауи университетінің ұжымына алғыс білдірді.
Ол өз сөзінде: « Ғылым және жоғары білім министрлігі соңғы жылдары қарқынды жұмыс атқарды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасысымен Қазақстанда 40-қа жуық шетелдік жоғары оқу орындарымен стратегиялық серіктестік орнатылды. Нәтижесінде Қазақстанда, міне, бүгін сіздер көрмеде тамашалап отырған бірнеше шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылды»,-деді.
«Құрметті жастар, бүгінгі кездесу – жай ғана ақпарат алмасу емес. Сіздер үшін өмірлеріңіздегі ең маңызды шешімді қабылдайтын уақыт. Бұл – қателесуге, еліктеуге немесе кездейсоқ таңдау жасауға болмайтын кезең. Мамандық – бұл тек жұмыс емес, бұл сіздердің өмір салтыңыз, қоғамдағы орныңыз бен рөліңіз», — деді Түркістан облысының білім басқармасы басшысы Ғалымжан Орынов.
Оның айтуынша, Түркістан облысы – еліміздің ең жас әрі ең қарқынды өсіп келе жатқан өңірлердің бірі. Бүгінде облыста 500 мыңнан астам оқушы білім алуда. Соның ішінде 35 мыңға жуық түлек жыл сайын мектеп бітіреді. Бұл тек статистика емес, бұл – 35 мың тағдыр, 35 мың таңдау және 35 мың мүмкіндік. Былтыр 34 мың түлек мектеп бітіріп, оның 20 мыңнан астамы жоғары оқу орындарына түскен.
Жиын еліміздің жоғары оқу орындары және шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарының таныстырылымына ұласты
Көрме барысында педагог-профориентолог мамандар оқушыларға кеңес берді. Жалпы, бұл алаңда 60-тан астам отандық жоғары оқу орны мен халықаралық деңгейдегі оқу орындарының филиалдары бас қосып, жастарға сапалы білім алудың жаңа жолдарын ұсынды.
Мектеп оқушылары мен бітіруші түлектер, ұстаздар және ата-аналар жоғары оқу орындары туралы толық ақпаратпен, талапкерлерге қойылатын шарттармен танысты.






