ТҮРКИЯ ПРЕЗИДЕНТІНЕН ТҮРКІСТАНҒА СӘЛЕМ: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖИЫНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ КЕЗДЕСУ

0
1

Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған университетіміздің ректоры Жанар Темірбекова арқылы күллі түркі жұртының атамекені – Түркістанға сәлем жолдады. Түркия Президенті мен оқу орнымыздың ректоры Ыстанбулда өткен Азия саяси партиялары халықаралық конференциясының Әйелдер қанатының 9-отырысы (ICAPP Women’s Wing) аясында жүздесті.

Биылғы жиын «Жаһандық трансформация кезеңіндегі әйелдер көшбасшылығы» тақырыбына арналып, әлемнің түрлі елдерінен келген саясаткерлерді, халықаралық ұйым өкілдерін және беделді әйел көшбасшыларды бір алаңға тоғыстырды.

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы облыстық Әйелдер қанатының өкілі және Халықаралық қазақ-түрік университеті ректоры ретінде аталған ауқымды шараға Жанар Темірбекова да қатысты.

Жиында AK Parti Әйел қанаты төрайымы Туғба Ышық Ержан, ICAPP Әйел қанаты төрағасы, Моңғолия Парламентінің мүшесі Номин Чинбат, сондай-ақ ICAPP Тұрақты комитетінің төрағасы, Корея Республикасының бұрынғы Сыртқы істер министрі Чон Ый Ён құттықтау сөз сөйлеп, әйел көшбасшылығының жаһандық диалог пен халықаралық ынтымақтастықтағы маңызын ерекше атап өтті.

Форумның негізгі баяндамасын Түркия Республикасының Вице-президенті Жевдет Йылмаз жасады. Сондай-ақ жиын барысында «AK Parti» төрағасының орынбасары Күршад Зорлу мырзамен кездесу өтті. Бұған дейін Түркістанда ұйымдастырылған мазмұнды кездесудің жалғасы іспетті бұл жүздесу бауырлас елдер арасындағы байланыстың нығая түскенін көрсетті.

Ал сапардың ең маңызды сәттерінің бірі — Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоғанның қабылдауы болды. Ыстамбұлдағы Долмабахче резиденциясында өткен кездесуде Президент әйелдердің саясаттағы рөліне ерекше тоқталып, олардың қоғам дамуындағы стратегиялық маңызын атап өтті.

Аталмыш кездесуге қатысқан ректор Жанар Темірбекова Түркия Президентіне киелі Түркістан жұртшылығы мен университет ұжымының ыстық сәлемін жеткізді.

Өз кезегінде Режеп Тайып Ердоған: «Түркістанға сәлем айтыңыз!» — деп, түркі әлемінің рухани астанасына ерекше ілтипат білдірді.

Сондай-ақ, пленарлық сессияда ректорымыз Жанар Темірбекова «Women’s Leadership in Peacebuilding and Dialogue for Global Cooperation» тақырыбында баяндама жасап, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ясауи мұрасын әлемге таныту — біздің ортақ парызымыз» деген бастамасын арқау ете отырып, негізгі бағыттарды ерекше атап өтті.

«Ясауи бабамыздың ілімі — адамгершілік пен мейірімділікке негізделген өркениеттік бағдар. Ең бастысы — ол дәуірдің өзінде қыз баланың тәрбиесі мен біліміне стратегиялық мән берген. «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген ұстаным — біздің көшбасшылық философиямыздың алтын діңгегі», — деді өз сөзінде ректор.

Университет басшысы ізгілік пен бейбітшілік тілі Түркістаннан, Ясауи ілімінен бастау алатынын үлкен мақтанышпен жеткізді. Бұған қоса, университеттің бүгінгі миссиясы — тарихи мұра мен заманауи дипломатияны ұштастыру екеніне де назар аударды.

Жалпы, халықаралық форум жоғары деңгейде ұйымдастырылып, мазмұнды пікірталастар мен нәтижелі кездесулерге ұласты. Екі күн бойы қатысушылар тәжірибе алмасу арқылы ортақ болашаққа бағытталған маңызды бастамаларды талқылады.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу