КИБЕРҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰҚЫҚ: ЗАМАНАУИ СЫН-ҚАТЕРЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін Экономика және басқару факультетінде Күтахя Думлупынар университетінің докторы Рамазан Гүрешжи «Соңғы 50 жылда жүзеге асқан кибер операциялардың халықаралық қауіпсіздік жүйесіне әсері және олардың халықаралық құқық аясында талдануы» тақырыбында семинар өтті. Жиынға университет оқытушы-профессор құрамы, студенттер қатысты.
Семинардың негізгі мақсаты – қолданыстағы құқықтық жүйенің киберқауіптерді қаншалықты тиімді реттей алатынын бағалау және осы саладағы ықтимал құқықтық әрі саяси жауап тетіктерін айқындау.
Жиын барысында баяндамашы 1982 жылғы Сібірдегі табиғи газ құбырының жарылысынан бастап, Эстониядағы жағдай, DDoS шабуылының мәні, Ресей-Грузия соғысы (2008), АҚШ-тағы сайлау (2016) жөніндегі зерттеулерін бөлісті. Соңғы жарты ғасырда орын алған маңызды кибер операцияларды халықаралық қауіпсіздік архитектурасы мен халықаралық құқық тұрғысынан талдады. Сондай-ақ, Stuxnet шабуылы және IT Army of Ukrayna сияқты мысалдар негізінде киберсоғыстың эволюциясын жан-жақты қарастырды. Сонымен қатар, аталған үдерістердің күш қолдану, өзін-өзі қорғау, егемендік және мемлекеттердің жауапкершілігі сияқты халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарына ықпалы жөнінде ой қозғады.
Семинар соңында студенттер мен оқытушылар сұрақ қойып, өзара пікір алмасты.
Айта кетейік, доктор Рамазан Гурешчи университетке «Erasmus+» бағдарламасы аясында бір апталық академиялық сапармен келді. Осы уақыт ішінде өз тәжірибесін бөлісті және студенттерге шеберлік сабақтарын өтті.






