ҚАЗАҚ ТІЛІ-ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫН БІРІКТІРУШІ ФАКТОР
Өшсе тілім, мен де бірге өшемін! – деп , ақын Әбілдә Тәжібаев ағамыз жырлағандай, тіл қай жерде, қай елде болмасын, аса құнды құрал болып есептеледі. Тіл-достықтың кілті, ынтымақтың бастауы, ұлттың жаны әрі ары, мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі. Тіл-адамзат баласының бойына ана сүтімен дарып, қалыптасатын және атадан-балаға мирас болып қалатын баға жетпес мұра! Қай қоғамда да тіл мәселесі болатыны белгілі. Біздің мемлекетіміздің де қазіргі таңдағы басты мәселесі-тіл! Мемлекеттік тілде сөйлеу, оны жетік білу, дамыту, бізден кейінгі өскелең ұрпаққа дәріптеу басты міндетіміз!
Қазақстан көп ұлтты мемлекет, 130 дан астам ұлт-өкілдерін бір шаңырақ астына біріктіріп отырған ел. Ал Қазақстан республикасының болашағы-қазақ тілінде. Мемлекеттік тіліміз- қазақ тілі болғаннан кейін, оны толық білу, сол тілде сөйлеу, оны құрметтеу, халқымыздың парызы деп білемін! Тілі мәңгі жасаған халық өзі де өлмейді деп айтқан екен–белгілі жазушы Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматов.
Ұлт анасы тіл болып есептеледі. Сонымен бірге ұлттың өмір сүруінің бірінші шарты. Конституциямыздың жетінші бабының бірінші тармағында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл — қазақ тілі деп анық жазған, Ата Заңымыздан туындаған «Тіл туралы” Қазақстан Республикасының заңында да осы жағдай берік қамтылып өткен.
Бірақ соған қарамай өз мемлекеттік тілінде сөйлемей жүрген азаматтардың қатары қалың.Осындай кезде Паустовскийдің: «Туған тіліне жаны ашымаған адам – жәндік,” – деп, ашына айтқаны ойға бірден келеді. Тіл – таусылмайтын байлық. Қанша тіл білсең, өзгеден сонша кез биіксің. Дегенмен, алдымен туған еліңнің мемлекеттік тілін білуге, сол тілде сөйлеуге міндеттісің. Мен мұғалім ретінде қазақ тілін жастарға үйретудің жолдарын ұсынғым келеді. Қазақ тілін негізінде Түркі тілдерінің гауһары деп толық айтуға болады. Бұл тілді ең бай, әдемі тілдердің қатарына жатқызамын.
«Тіл – біздің тұтастығымыз”. Өзім этнос өкілі ретінде қазақ тілін жастарға дәріптеуді қолдаймын. Мен де бұған ат салысамын. Бәрімізге белгілі барлық мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті пәні бар. Бірақ қосымша қазақ тілін үйрету үшін түрлі үйірмелер ашып, жастардың шығармашылық қабілеттерін анықтап, қазақтың салт-дәстүрлерін кеңінен насихаттап, ұлттық аспаптарында ойнауды үйрететін болсақ, біз жақсы нәтижеге қол жеткіземіз. Сонымен қатар қазақ тілін өлең шығару арқылы үйрету басты мақсатымның бірі болып табылады. Бұлардың бәрі мемлекетімізде жоқ деп айтпаймын, әрине баршылық! Бірақ кеңінен дәріптелуі, насихатталуы керек деген пікірдемін. Ұлттың қандай екендігін-мәдениет пен тіл айқын дәлелдеп тұрады. Өз тілін білмей, өзгенің тілінде сайрап жүрген жандарды мемлекеттік тілдімеңгермей жүрген тұлғаларды қай елдің тұрғындары, қай ұлттың өкілі деп айта аламыз?!
Қазіргі таңда Қазақстан республикасында тұратын этнос өкілдерінің 92% -ы мемлекеттік тілде сөйлейді. Неге соны 100%-ға жеткізбес ке?! Иә білемін, этнос өкілдері үшін мүмкіндіктер молынан. Оларға жан-жақты қолдау көрсетіліп, әр түрлі жобалар аясында жұмыстар жүргізіліп жатыр! Бірақ бұл жұмыстардың одан әрі дамығанын қалаймын, яғни мектеп болсын, балабақша болсын, барлық жерде жүйелі түрде жұмыс атқарылса, әр этнос мемлекеттік тілді тез, оңай және сауатты түрде меңгеріп шығатын еді.
Қазақстанда тұратын этнос өкілдері өз ана тілін білумен қатар мемлекеттік тілді де білуі тиіс! Мемлекетімізде қазақ тілінде білім беретінмектептер санының артқанын қалаймын және қолдаймын. Себебі Қазақстанда өмір сүріп жатқандықтан, біз қайда барсақ та, қандай жерде оқысақ та, қандай мекемеде жұмыс жасасақ та, қазақ тіліне тап боламыз. Мысалы: баланы мектепке қабылдаудан бастап, оның мектеп бітіріп, ҰБТ тапсыруына дейін бәрі қазақ тілінде!
Бұл дегені-қазақ тілі бәрімізге ортақ тіл! Егер біз бұл үдерісті жылдамдататын болсақ, ұлты қазақ бола тұрып, өз тілінде сөйлемей жүрген тұлғалар да, өз тілінің қадір-қасиетін түсініп, мемлекеттіктіліміздің мәртебесі асқақтай беретін еді.Қазақстан дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіруді көздеп отыр, ал бұл мақсатқа қол жеткізуіміз үшін өз тілімізді толық білуіміз, өзге елдермен бәсекеге қабілетті болуымыз аса маңызды!
Тіл – достықтың алтын көпірі. Тіл-тарихымыздан сыр шертетін және болашағымызды айқындап беретін құнды құрал!, «Тіл тағдыры – ел тағдыры” деп те айтып жүрміз.
Сондықтан оны құрметтейік, жетік меңгерейік, өз тілімізде сөйлейік, және оны өзгелерге де дәріптей білейік! Себебі тіл жойылса, ұлтта жоқ болады. Адамзат тарихында жойылып кеткен елдер ең алдымен өз тілдерінен айрылғандығын ғалымдар да дәлелдеген. Сол үшін де ата-бабамыздан бізге дейін жалғасып келе жатқан, төл тарихымыздан сыр шертіп тұрған, тұғырымызды биіктететін, ұлттың өркендеуіне үлес қосатын тілімізді шұбарламайық, оның көркемдігін, байлығын жоғалтпайық. Атақ, абырой, байлық, мансап бір күні сарқылады,тозады. Ал қасиетті тіліміз өткенімізден хабар береді, бізбен бірге өмір сүреді, болашағымыздыайқын көрсетеді!
Автор: Захро Ирисматова
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің
Журналистика және репортер ісі мамандығының 4-курс студенті
