ТУҒАН ТІЛДІҢ ТОЛҒАҒЫ
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылған кезден бергі басты көздеген мақсаты – қазақ тілін мәңгілік тіл ету болатын. Осыған байланысты талай жұмыстар жасалды.Осы бағыттағы ойларымыз бен пікірлерімізді қоғамның құрылтайларында, көшпелі мәжілістерінде, тілге арналған үлкенді-кішілі жиындарда тұрақты айтып келеміз. Осының арқасында сең сөгіліп, туған тіліміз еңсесін тіктеді. Бір кездері ресми мекемелерде, қоғамдық орындарда мемлекеттік тілде сөйлемек тұрмақ, ол туралы айтудың өзі мұң болатын. Алайда бұл – баршамызды толғандыратын, ойландыратын, күнделікті санада жүрген мәселе. Кешегі кеңестік дәуірді жаппай жамандай беруге де болмас. Ол дәуірде де біздің жеткен жетістіктеріміз аз емес. Білім алдық, ғылыми дәрежелердің сатыларынан өтіп, баспалдақтарға көтерілдік. Алайда тілге қатысты, білім-ғылым саласына жасалған, сол кездегі жымысқы саясаттың салдарын әлі күнге бастан өткеріп, зардабын татып келеміз. Жастар түгіл, кексе тартқан біздердің бойымыздан кеңестік дәуір тәрбиесінің ұшқыны байқалады.
Тілдің тәрбиелік мәніне келер болсақ,құндылығымыздың бабамыздан жеткен асыл мұрамыз мақалдармен өрілетінін кім білсін?! Мәселен, сөзді өмірінің басты құндылығы деп түсінген қазақ, әманда ойын нақты да қысқа, шешен де шебер түйіп айтқанды мақұл көрген. Өмірдің қай саласына да қатысты туындаған мақал-мәтелдердің қай-қайсысын алсаңыз да сондай дөптілікті, нақтылықты, әсерлілікті байқайсыз. Содан өз орнында қолданыла білген сөздің өзгеше бір қуатқа,өткірлікке ие болатынын сезесіз. Қазақ мақал-мәтелдері сан салалы. Олар өмір тәжірибесінен түйілген, сүзілген,басқаша айтуға болмайтын түйін, тұжырым. Сондықтан да әрбір тілдің сөз байлығы, шебер де шешен үлгідегі болмыс-бітімі осы мақал-мәтелдерден айқынырақ байқалады.«Ауыз көркі – тіл, тілдің көркі – сөз». Әрбір тілдің әуезділігіде, өзгеге ұқсамайтын музыкалық мақамы да, бар байлығы да осыдан көрінеді. Бұл жолғы біздің көздеп отырғанымыз тілдің өзі туралы мақал-мәтелдер.Мақал сөздің ажарын, делдал малдың базарын келтіретіні рас. Мақалды орынды жерінде ретін тауып қолдана білген жанның сөзі қашанда өтімді, әрі ұтымды болмақ.Сондықтан да өнер алды – қызыл тіл. Алайда өнер алды – қызыл тіл деп, оны кез келген уақытта, қалай болса солай қолдана беруге болмайды. Өйткені «Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады». Қолданар адам абайламаса «бал тамар тілден у да тамуы» мүмкін. Бәрі сөзді ретімен, жөнімен қолдана білуге тікелей байланысты. Тіл буынсыз екен деп оңды-солды сілтей берсең, ол «ерді қабырға салады, нарды қазанға салады» – осыны сезінген адам сөзді шайқап емес, байқап сөйлеуге тырысады. Аңдамай сөйлеген адам,ауырмай өлуі әбден мүмкін. Орынды айтылған сөз орнына қағылған шеге сияқты. Қазақ ойнап сөйлесең де ойлап сөйле дейді. Себебі сөздің сүйектен өтетінін біледі. Ол еттен ғана өтетін таяқ емес. Сондықтан «еттен өткен таяқтан, сүйектен өткен сөз жаман».
Қазақтың бала тәрбиесінде, сөз қолданысында мақал-мәтелдің орны айрықша. Кез келген қазақ өз сөзінің ұтымды,мәнді болуын қалайды. Көбіне мақал-мәтелге жүгінеді.Өйткені тұздың астың дәмін кіргізетіндей, мақал сөздің мәнін кіргізетінін біледі. Ең тәтті де – тіл, ең ащы да – тіл.Ең жұмсақ та – тіл, ең қатты да – тіл екенін қазақ ежелден-ақсезінген. Сондықтан «артық сөйле, кем сөйле, таразылай тең сөйле» деп әрдайым өзін өзі тәрбиелеп отырады, Сөз біледі екем деп артық кетпе дейді. Өйткені ел арасын сөз бұзады, жол арасын сел бұзады. Үнемі сөзіңе, өзіңе абай бол дегенді айтып өзін өзі тежеп отырады! Сөз білемін деп жөнді-жөнсіз жөңкіле беру тағы да артық. Шындық жадыңнан шықпасын дейді. Себебі судың түбін шым бекітеді,сөздің түбін шын бекітетінін білу керек.Сөзіңді асықпай айтқан жақсы. Себебі «тамақты асығып ішпе түйілесің, сөзді асығып айтпа күйінесің». Қысқасы адам баласының азамат болып қалыптасуында тілдің тәрбиелік мәні айрықша. Біз соның кейбір тұстарына ғана тоқтап, мақал-мәтелдерді тілге тиек еттік.Жоғарыда сөз болған мәселенің бәрі түптеп келгенде қазақ тілінің мейлінше бай, шебер де шешен, көркем де көсем тіл екенін байқатады. Бір кездері біз осы ғажайып қазынамыздан айырылып қала жаздаған да кезіміз болған.Кешегі кеңестік дәуірде коммунизм дейтін арманды болашаққа тезірек барудың амалы тек орыс тілін білу арқылы ғана жетесің деген насихаттың күшті болғаны соншама өз тілімізді кейінге ысырып тастап жаппай жарысқа түстік.
Қазір ана тіліміздің қадір-қасиетін ұмытарман халге жеттік.Тіпті күнделікті қолданыс дәрежесінен шыға бастады.Жаһандану заманында «әлемдік деңгейде ойлау»деген тенденция қалыптасты.Әлемдік деңгейде ойлау дегеннің өзіне абайлап қарау керек. Елдер жаһанданудан қорқады. Ол да бір заңды құбылыс.Жаһандану жан-жақты салаларды қамтып жатыр. Бірақ, одан қорқудың керегі жоқ. Қорқудан гөрі сол жаһандануға мүлдем сіңіп, жоғалып кетпеудің амал-тәсілдерін ойластыруымыз керек. Ол үшін өзіңнің тіліңе, әдеп-ғұрып, салт-санаңа ие бол. Өзіңнің болмысыңды ешуақытта біреудің табанына таптауға салып берме. Өзіңе-өзің мықты болсаң, сені ешуақытта ешқандай жау алмайды. Мықты болу үшін әрбір қазақ сауатты болу керек, білімді болу керек. Бұл заманда білім алуға, Құдайға шүкір, мүмкіндік мол. Сондықтан, бала-шағамызды, үрім-бұтағымызды ең алдымен білімділікке, сауаттылыққа тәрбиелеген жөн. Сауатын өзінің ана тілінде ашқан ұрпақ ешуақытта біреуге тәуелді болмайды. Өйткені, өзінің мүддесін ол өз ана тілінде және өзі сауаттанған тілдіңқуатымен қорғауға толық қақысы бар.
Тіл ұлт мәдениетінің бөлігі ғана емес, сол ұлттың барша мәдениетінің қуаты. Сол мәдениеттің баяны да, безбені де. Қандай мәдениет болмасын қатынас құралы ретінде де, ұлттың барша болмысы көрінген келбеті ретінде де тіл арқылы жасалған, тілі арқылы да өмір сүреді,сол арқылы ұрпақтан ұрпаққа, заманнан заманға жетіп ұлттықтұтастықты сақтайды. Мәдениет ұлт өмір сүруінің ғасырлар бойы жинақталған амалдары мен тәсілдерінің мейлінше сұрыпталған тәжірибесінің ең жарқын қазынасы.Мәдениет ұлттың болмысы ғана емес, сол ұлттың сан ұрпағы жасаған, жетілдірілген,тұтынған сол халықты сақтаған және сақтай беретін ұлы қорғаны. Бүгінгі күнге дейіндербес халық болып жету, дінін, тілін сақтап қалу, өмірдің барлық саласын қамтыған,ешкімге ұқсамайтын, қайталанбас мәдениет қалыптастыру, сол мәдениет аясында әрі қолданбалы, әрі рухани бай қазына арқылы ортамен ымырашылдықта өмір сүру, осы алып территорияны иемденіп, оны ерлік пен бірліктің арқасында сақтап қалу, намысы мен абыройы үшін күресе білу, енді бүгін тәуелсіз мемлекет құрып әлемдік қауымдастыққа еніп жатса, соның бәрі ұлттың үлкен әлеуетінде.Осындай қуатты әлеуеті бар қазақ елінде қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде, қазақстандықтардың ортақ қатынас құралы ретінде өз қызметін толық атқаруға байлығы да, күші де жетеді. Оны отандастарымыздың баршасы сезінсе, түсінсе жаһандану дәуірінде барлық құндылықтарымызды өз деңгейінде сақтай да аламыз, жетілдіре де аламыз.
Автор: Захро Ирисматова
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің
Журналистика және репортер ісі мамандығының 4-курс студенті
