МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ НӘЗІК ЖАНДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Түркістан облысында білім саласында еңбек етіп жүрген нәзік жандыларға арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шара Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орыновтың қатысуымен «Аналар – асыл жандар» атты мерекелік концерттік кеш форматында өтті. Шараға білім саласының ардагер ұстаздары мен өңірдегі білім беру ұйымдарында табысты еңбек етіп жүрген педагогтар қатысты. Кеш барысында білім саласының дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар ұстаздарға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Ы. Алтынсарин» төсбелгісі мен «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі табысталды. Сондай-ақ бірқатар педагогтар Түркістан облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Жиында сөз сөйлеген басқарма басшысы Ғалымжан Қалдыкөзұлы ұстаз әйелдердің қоғамдағы және білім беру саласындағы рөлінің ерекше екенін атап өтті. «Ұстаз – ұлт болашағын тәрбиелейтін ең жауапты мамандық. Білім саласында еңбек етіп жүрген аналар мен арулардың кәсібилігі мен мейірімі өскелең ұрпақтың тәрбиесіне тікелей әсер етеді. Сіздердің еңбектеріңіз әрдайым жоғары бағаланады. Баршаңызды көктем мерекесі – 8 наурызбен шын жүректен құттықтаймын», – деді басқарма басшысы. Мерекелік кеш соңында қатысушыларға гүл шоқтары табысталып, арнайы концерттік бағдарлама ұсынылды.

Әлеуметтік желіде бөлісу