ЕЛІМІЗДІҢ БАРЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНДА НАУРЫЗНАМА ОНКҮНДІГІ БАСТАЛДЫ
Еліміздегі барлық білім беру ұйымдарында Наурыз мейрамына арналған Наурызнама онкүндігі басталды. Іс-шаралар 12–23 наурыз аралығында мектептерде, колледждерде және қосымша білім беру ұйымдарында өткізіліп жатыр. Онкүндік аясында білім беру ұйымдарында тақырыптық челлендждер, экологиялық акциялар және ұлттық ойындардан түрлі жарыстар ұйымдастырылуда. Бұл шаралар оқушылардың белсенділігін арттырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған. Наурызнама іс-шаралары «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Бағдарламаның негізгі мақсаты – тәрбие мазмұнын жаңарту, цифрлық жобаларды дамыту және ұлттық мәдени мұраны заманауи форматта насихаттау. Сонымен қатар, 19 наурыз күні сағат 11:00-де республика көлемінде мектептерде, колледждер мен қосымша білім беру ұйымдарында «Күй күмбірі» республикалық домбырашылар акциясы өтеді.

