САУРАН АУДАНЫНДА БІЛІМ САЛАСЫ САПАЛЫ ДАМУ ҮСТІНДЕ

Сауран ауданында 2025 жылы білім беру жүйесі тұрақты өсім мен оң динамиканың жаңа кезеңіне көтерілді. Аудандық білім бөлімінің жыл қорытындысы мен 2026 жылға арналған жоспарлары туралы ақпаратты тікелей эфир арқылы арнайы сілтеме бойынша көруге болады. Қазіргі таңда аудандағы 62 мектепте 24 мыңнан астам оқушы білім алуда. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейі 99,6 пайызға жетіп, білім сапасы екінші тоқсан қорытындысы бойынша 54,88 пайызды құрады. Аудан оқушылары республикалық және халықаралық деңгейдегі білім додаларында жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Биыл 104 түлек «Алтын белгі» иегері атанса, республикалық пәндік олимпиадаларда 17 оқушы жүлделі орынға ие болды. Сонымен қатар «Мың бала» жобасы аясында 22 оқушы мамандандырылған мектептерге жолдама алып, «Айқанат» олимпиадасындағы жетістіктер ауыл мектептерінің әлеуетін айқын көрсетті.

Педагогтердің кәсіби дамуы да басты назарда. Аудандағы 3,5 мыңға жуық мұғалімнің 96 пайызы біліктілікті арттыру курстарынан өткен. Сонымен қатар білім беру саласында цифрландыру жұмыстары жүзеге асырылып, қаржылық ашықтықты қамтамасыз ететін «Фаворит» ERP жүйесі толық енгізілген. Инфрақұрылымдық бағытта да бірқатар жұмыстар атқарылуда. 2025 жылы Аманкелді атындағы мектептің күрделі жөндеуі аяқталып, пайдалануға берілді. Барлық білім беру ұйымдары бейнебақылау және дабыл батырмаларымен толық қамтылған. Сауран ауданында атқарылып жатқан бұл жұмыстар білім сапасын арттыруға, педагогтердің әлеуетін көтеруге және қауіпсіз, заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.

Әлеуметтік желіде бөлісу