ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА БІЛІМ САЛАСЫ: САПА, ҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ ЖҮЙЕЛІ ДАМУ
Қазығұрт ауданында 2025 жылы білім беру саласында сапалық өсім мен жүйелі жаңғыру жұмыстары қарқынды жүргізілді. Аудандық білім бөлімінің жыл қорытындысы мен 2026 жылға арналған жоспарлары туралы ақпаратты тікелей эфир арқылы арнайы сілтеме бойынша көруге болады. Аудандағы 79 мектепте 31 911 оқушы білім алуда. 2024–2025 оқу жылының қорытындысы бойынша білім сапасы 54,49 пайыздан 56,7 пайызға дейін өсіп, 2,3 пайыздық оң динамика көрсетті. 2025–2026 оқу жылында бұл көрсеткішті 58 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Педагогтердің кәсіби дамуы бағытында жоспарланған 1 650 мұғалімнің орнына 1 655 педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, көрсеткіш 100,3 пайызға орындалды. Инфрақұрылымдық бағытта бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды. «Атбұлақ» және «Қызылдала» мектептері жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Үш ауысым қаупі бар «Шарбұлақ» мектебінің 300 орындық жаңа ғимаратының құрылысы басталды. Сонымен қатар 16 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Қауіпсіздік шаралары да күшейтілген. 71 мектеп 100 пайыз дабыл батырмасымен қамтылып, 11 мектепке турникет және Face ID жүйесі орнатылды. Оқушылардың жетістіктері де айтарлықтай артқан. 2024–2025 оқу жылында 834 оқушы облыстық, 120 оқушы республикалық деңгейде жүлделі орын иеленіп, көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі еседен астам өскен. Қосымша біліммен қамту деңгейі 92,8 пайызға жетіп, 10 мыңнан астам оқушы жазғы сауықтыру шараларымен қамтылды. Мектепке дейінгі ұйымдарда ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізіліп, 466 жаңа орын ашылды. Жалпы алғанда, 2025 жыл Қазығұрт ауданында білім сапасын арттыру, инфрақұрылымды жаңарту және қауіпсіз әрі заманауи білім беру ортасын қалыптастыру бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілген кезең болды.

