ШАРДАРА АУДАНЫНДА БІЛІМ САЛАСЫ ЖҮЙЕЛІ ДАМУДА: 2025 ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Шардара ауданында 2025 жылы білім беру жүйесін жаңғырту және сапаны арттыру бағытында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылды. Аудандық білім бөлімінің жыл қорытындысы мен 2026 жылға арналған жоспарлары туралы ақпаратты тікелей эфир арқылы арнайы сілтеме бойынша көруге болады. Қазіргі таңда ауданда 32 мектепте 19 680 оқушы білім алуда. Білім беру ұйымдарында 2 840 педагог қызмет атқарып, олардың басым бөлігі жоғары білімді мамандар болып табылады. Мектепке дейінгі білім беру саласында 41 ұйым 4 690 балаға қызмет көрсетуде.

Педагогтердің кәсіби дамуына ерекше көңіл бөлініп, «Ұстаз» ұлттық платформасы арқылы 851 педагог аттестациядан өтуге өтініш білдірді. Бұл олардың біліктілігін арттыруға деген жоғары қызығушылығын көрсетеді. Инфрақұрылымдық бағытта бірқатар білім беру нысандары жаңартылып, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 1 500 орындық жаңа мектеп пайдалануға беріліп, оқушылар үшін заманауи білім беру ортасы қалыптастырылды. Сонымен қатар мектептердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 30 мектеп бейнебақылау жүйесімен, 15 мектеп турникет және мамандандырылған күзетпен қамтылды.

Білім сапасы бойынша да оң көрсеткіштер қалыптасқан. ҰБТ нәтижесінде орташа балл 59,1-ді құрап, 449 түлек мемлекеттік грант иегері атанды. Оқушылар халықаралық және республикалық деңгейдегі білім сайыстарында 295 жүлделі орынға қол жеткізді. Сондай-ақ PISA және ББЖМ мониторингтері аудан оқушыларының көрсеткіштері республикалық деңгейден жоғары екенін көрсетті. Шардара ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстар білім сапасын арттыруға, педагогтердің кәсіби деңгейін көтеруге және қауіпсіз, заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.

Әлеуметтік желіде бөлісу