ОРДАБАСЫДА БІЛІМ САПАСЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІККЕ БАСЫМДЫҚ БЕРІЛУДЕ
Ордабасы ауданында білім беру саласы тұрақты дамып, сапалы білім беру мен қауіпсіз ортаны қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Бүгінде аудандағы 78 мектепте 37 962 оқушы білім алуда. Үш ауысымды және апатты мектептердің болмауы білім инфрақұрылымының тұрақты дамуының айғағы. Өткен жылы ауданда бес жаңа мектеп пайдалануға беріліп, 482 орындық екі жекеменшік мектеп ашылды. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бір білім беру ұйымы ел игілігіне тапсырылып, тағы екі мектептің құрылысы жалғасуда.
Білім беру ұйымдарында қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылған. Барлық мектептер бейнебақылау жүйелерімен, дабыл түймелерімен жабдықталып, жедел басқару орталығына қосылған. Сондай-ақ 66 мектепте e-асхана жүйесі енгізіліп, 14 436 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған. Білім сапасы бойынша да оң нәтижелер қалыптасқан. ҰБТ-ның орташа көрсеткіші 78,5 баллды құраса, 630 түлек мемлекеттік грант иегері атанды. 132 оқушы «Алтын белгі», 199 түлек «Үздік аттестат» иегері атанып, аудан оқушылары халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі байқауларда 266 жүлдеге қол жеткізді. Педагогтердің кәсіби дамуына да басымдық беріліп, 1260 мұғалім біліктілікті арттыру курстарынан өтті. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Ордабасы ауданында білім сапасын арттыру, цифрландыру және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар өз нәтижесін беріп келеді.


