СОЗАҚТА БІЛІМ САПАСЫ МЕН ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ДАМУЫНА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛУДЕ

Созақ ауданында білім беру саласында оң өзгерістер мен нәтижелі көрсеткіштер қалыптасып келеді. Ауданда мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейі жоғары көрсеткішке жетіп, 3–6 жас аралығындағы балалар толық қамтылса, 2–6 жас аралығындағы балалардың қамтылу үлесі 99,7 пайызды құрады. Сонымен қатар жаңа 45 орындық балабақша ашылып, бірқатар білім нысандары жөндеуден өтті. Қазіргі таңда аудан бойынша 35 мектепте 15 470 оқушы білім алуда. «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында 900 орындық жаңа мектеп пайдалануға беріліп, оқушылар үшін заманауи білім беру ортасы қалыптастырылды. 2024–2025 оқу жылының қорытындысы бойынша білім сапасы 57,1 пайызға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 3,3 пайызға артты. Үлгерім көрсеткіші 100 пайыз деңгейінде сақталды. Мектеп бітірген 1125 түлектің 430-ы мемлекеттік грант иегері атанса, 79 оқушы «Алтын белгі», 70 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды. Педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру бағытында 1098 мұғалім арнайы курстардан өтіп, аудан мектептері толықтай интернет желісімен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында қауіпсіздік пен санитариялық талаптардың сақталуына ерекше көңіл бөлінуде. Созақ ауданында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар білім сапасын арттыруға және оқушылар үшін қолайлы әрі заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.

Әлеуметтік желіде бөлісу