ТҮЛКІБАСТА БІЛІМ САПАСЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕЛЕРІНЕ БАСЫМДЫҚ БЕРІЛДІ
Түркістан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Орынов Түлкібас ауданына жұмыс сапары барысында білім беру ұйымдарының басшыларымен кеңейтілген жиын өткізді. Кездесуде ауданның білім саласындағы қазіргі ахуалы сараланып, білім сапасын арттыру, басқару тиімділігін күшейту және педагогтердің кәсіби біліктілігін жетілдіру бағытындағы міндеттер талқыланды. Қазіргі таңда Түлкібас ауданындағы 60 мемлекеттік мектепте 24 мыңнан астам оқушы білім алуда. Білім беру ұйымдарында 3 754 педагог қызмет етеді. Мектепке дейінгі ұйымдарда 6 268 бала тәрбиеленіп, олардың қауіпсіздігі мен тәрбие сапасына ерекше назар аударылуда.
Аудандағы оқушылардың 92 пайызы қосымша білім беру бағдарламалары мен түрлі үйірмелерге тартылған. Сонымен қатар, шалғай елді мекендерден 452 оқушы қауіпсіз тасымалдаумен қамтылып отыр. Жазғы демалыс кезеңінде 1 847 әлеуметтік осал санаттағы бала сауықтыру және демалыс шараларына қатысуда. Жиында балалардың қауіпсіздігі, «Заң және тәртіп» қағидатын сақтау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын тиімді іске асыру мәселелері бойынша нақты тапсырмалар берілді.

