ЖЕТІСАЙДАҒЫ КОЛЛЕДЖДЕ ЗАМАНАУИ БІЛІМ БЕРУГЕ БАСЫМДЫҚ БЕРІЛУДЕ

Түркістан облысы Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Орынов жұмыс сапарымен Жетісай ауданында болып, Ғани Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжінің жұмысымен танысты. Бүгінде 60 жылдық тарихы бар оқу орнында 11 мамандық пен 12 біліктілік бойынша 1812 студент білім алуда. Колледжде «Электроника», «Робототехника», «Прототиптеу», «Виртуалды әлем», «Графика және дизайн», «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» бағыттарындағы кабинеттер заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Студенттердің сапалы білім алып, жайлы жағдайда тұруына да ерекше көңіл бөлінген. Оқу корпусы мен екі жатақхана жұмыс істейді. Өткен жылы №1 жатақхана күрделі жөндеуден өтіп, жаңа жиһаздар және қажетті техникалармен жабдықталды. Колледж студенттері республикалық деңгейдегі байқауларда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. «WorldSkills Kazakhstan–2025» байқауында «Прототиптеу» құзыреттілігі бойынша Қарсыбай Патима, ал «Мектепке дейінгі білім беру» құзыреттілігі бойынша Маханбет Әдемі алтын медаль жеңіп алып, Түркістан облысының мерейін үстем етті. Жетісайдағы білім ордасында техникалық және гуманитарлық бағыттағы сапалы мамандар даярлау ісі жүйелі түрде жалғасып келеді.

 

Әлеуметтік желіде бөлісу