ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНЫҢ ОҚУШЫЛАРЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ РОБОТОТЕХНИКА ЧЕМПИОНАТЫНДА ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ
Түркістан облысы, Қазығұрт ауданының Qazygurt командасы Грекияның Коринф қаласында өткен Open International Championship 2026 халықаралық робототехника чемпионатында жоғары нәтиже көрсетті.
Аталған додаға 56 елден келген жас инженерлер қатысып, Қазақстан командасы АҚШ, Жапония, Бразилия, Германия, Қытай, Испания және Түркия сияқты елдердің үздік қатысушыларымен бәсекеге түсті. Нәтижесінде қазақстандық оқушылар Champions Award номинациясы бойынша II орынды иеленді. Команда құрамында Бауыржанқызы Арайлым, Абдрай Ернұр, Жаркинбек Інжу, Амангельдиев Абзал, Жетпіс Ерасыл, Өтепберген Нұрбек, Айбек Еркебұлан және Кенесов Диас бар. Оқушылар Қ.Тұрсынқұлов атындағы мектеп-гимназияда, Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-лицейде және А.С. Макаренко атындағы жалпы білім беретін мектептерде білім алады.
Команданың жетекшілері қатарында Оразхан Бексұлтан, Тастан Ербол, Үстенов Нұрсұлтан, Нышан Қайыркен және Алимкулов Қуаныш бар. Айта кетейік, Qazygurt командасы бұл халықаралық чемпионатқа Alem Tech Fest байқауында жеңіп алған жолдама арқылы қатысқан. Команда мүшелері бір жылға жуық дайындық жүргізіп, нәтижесінде халықаралық деңгейде табысты өнер көрсетті.
