БІР СЫНЫПТАН ЕКІ 140 БАЛЛ

Түркістан облысында 2025–2026 оқу жылында 34 911 оқушы 11-сыныпты аяқтады. Олардың 28 879-ы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш білдірген. Сонымен қатар 9-сыныпты 47 460 оқушы тәмамдап отыр.Биыл өңірде 2 416 түлек «Алтын белгі» белгісіне үміткер болса, 3 141 оқушы «Үздік аттестат» алуға ниет білдірген.

 

Жалпы, облыста 1 106 орта мектепте 554 776 оқушы білім алады. Оның ішінде 940-ы мемлекеттік, 116-сы жекеменшік мектептер. Соңғы күндері Түркістан қаласындағы жекеменшік мектеп оқушылары ҰБТ-дан ең жоғары нәтиже көрсетіп отыр. «TULGA SCHOOL» мектебінің 11 «Д» сынып оқушылары Айсұлтан Жаңбырбай мен Жасур Нышанбаев Ұлттық бірыңғай тестілеуден 140 балл жинап, республика бойынша үздік нәтиже тіркеді. Екі түлек те бір сыныпта білім алып, бірдей бейіндік пәндерді таңдаған. Олар ҰБТ-да Дүниежүзі тарихы мен ағылшын тілі пәндерін тапсырған. Сонымен қатар қос оқушы халықаралық IELTS емтиханынан 6,5 балл нәтижесін көрсеткен.

Жасур Нышанбаев қаңтар айындағы ҰБТ-да 120 балл жинап, наурыз айында нәтижесін 128 балға дейін арттырған. Ал Айсұлтан Жаңбырбай қаңтарда 125 балл, наурызда 128 балл жинап, негізгі тестілеуде 140 баллға қол жеткізген. Қос түлек болашақта Максұт Нәрікбаев атындағы университетте (MNU) білім алып, аударма ісі мамандығы бойынша халықаралық деңгейде қызмет етуді жоспарлап отыр. Бұл жетістік оқушылардың жүйелі дайындығы мен ұстаздардың еңбегінің нәтижесі екені атап өтілді. Бір сыныптан екі бірдей 140 балл иегерінің шығуы өңір білім саласындағы маңызды көрсеткіштердің бірі болып отыр.

Әлеуметтік желіде бөлісу