САУРАН АУДАНЫНДА БІЛІМ САЛАСЫ САПАЛЫ ДАМУ ҮСТІНДЕ

Сауран ауданында 2025 жылы білім беру жүйесі тұрақты өсім мен оң динамиканың жаңа кезеңіне көтерілді. Аудандық білім бөлімінің 2025 жылғы жұмысы мен 2026 жылға арналған жоспары туралы толық ақпаратты мына сілтеме арқылы тікелей эфирден тыңдауға болады: https://www.facebook.com/share/r/1DARRC945E/

Бүгінде Сауран ауданындағы 62 мектепте 24 мыңнан астам оқушы білім алуда. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 99,6 пайызға жеткен. Білім сапасы да тұрақты өсім көрсетіп, екінші тоқсан қорытындысы бойынша 54,88 пайызды құрады. Аудан оқушылары республикалық және халықаралық білім додаларында жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Биыл 104 түлек «Алтын белгі» иегері атанса, республикалық пәндік олимпиадаларда 17 оқушы жүлделі орындарға ие болды. Сондай-ақ «Мың бала» жобасы аясында 22 оқушы мамандандырылған мектептерге жолдама алып, «Айқанат» олимпиадасындағы жеңіс ауыл мектептерінің әлеуетін көрсетті.

Педагогтердің кәсіби дамуы да басты назарда. Аудандағы 3,5 мыңға жуық мұғалімнің 96 пайызы біліктілік арттыру курстарынан өткен. Сонымен қатар білім беру саласында цифрландыру жұмыстары жүзеге асырылып, қаржылық ашықтықты қамтамасыз ететін «Фаворит» ERP жүйесі толық енгізілген. Инфрақұрылым бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. 2025 жылы Аманкелді атындағы мектептің күрделі жөндеуі аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған бірқатар білім беру нысандарында жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Барлық мектептер бейнебақылау және дабыл батырмаларымен толық қамтамасыз етілген. Сауран ауданында атқарылып жатқан бұл жұмыстар білім сапасын арттыруға, педагогтердің әлеуетін көтеруге және қауіпсіз, заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.

Әлеуметтік желіде бөлісу