ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА БІЛІМ САЛАСЫ: САПА, ҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ ЖҮЙЕЛІ ДАМУ

Қазығұрт ауданында 2025 жылы білім беру саласында сапалық өсім мен жүйелі жаңғыру жұмыстары қарқынды жүргізілді. Аудандық білім бөлімінің 2025 жылғы атқарған жұмысы мен 2026 жылға арналған жоспары туралы толық ақпаратты мына сілтеме арқылы тікелей эфирден тыңдауға болады: https://www.facebook.com/share/v/1H8uG7CMSE/

Аудандағы 79 мектепте 31 911 оқушы білім алуда. 2024–2025 оқу жылының қорытындысы бойынша білім сапасы 54,49 пайыздан 56,7 пайызға дейін өсіп, 2,3 пайыздық оң динамика көрсетті. 2025–2026 оқу жылында бұл көрсеткішті 58 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Педагогтердің кәсіби дамуы бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылған. Жоспарланған 1 650 мұғалімнің орнына 1 655 педагог біліктілік арттыру курстарынан өтіп, көрсеткіш 100,3 пайызға орындалды.

Инфрақұрылым саласында да нақты нәтижелер бар. «Атбұлақ» және «Қызылдала» мектептері жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Үш ауысым қаупі бар «Шарбұлақ» жалпы білім беретін мектебінің 300 орындық жаңа ғимаратының құрылысы басталды. Сонымен қатар 16 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қауіпсіздік бағытында 71 мектеп 100 пайыз дабыл батырмасымен қамтамасыз етіліп, 11 мектепке турникет және Face ID жүйесі орнатылды.

Оқушылардың жетістіктері де айтарлықтай артқан. 2024–2025 оқу жылында облыстық кезеңде 834 оқушы, республикалық кезеңде 120 оқушы жүлделі орын иеленіп, өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш екі еседен астам өскен. Қосымша біліммен қамту деңгейі 92,8 пайызға жетіп, 10 мыңнан астам оқушы жазғы сауықтыру шараларымен қамтылған. Мектепке дейінгі ұйымдарда ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізіліп, 466 жаңа орын ашылды. Жалпы, 2025 жыл Қазығұрт ауданында білім сапасын арттыру, инфрақұрылымды жаңарту және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілген кезең болды.

Әлеуметтік желіде бөлісу