ШАРДАРА АУДАНЫНДА БІЛІМ САЛАСЫ ЖҮЙЕЛІ ДАМУДА: 2025 ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Шардара ауданында 2025 жылы білім беру жүйесін жаңғырту және сапаны арттыру бағытында бірқатар ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды. Аудандық білім бөлімінің 2025 жылғы атқарған жұмысы мен 2026 жылға арналған жоспары туралы толық ақпаратты мына сілтеме арқылы тікелей эфирден тыңдауға болады: https://www.facebook.com/share/v/186gGa5Rsm/

Ауданда 32 мектепте 19 680 оқушы білім алуда. Білім беру ұйымдарында 2 840 педагог қызмет атқарып келеді, олардың 2 757-сі жоғары білімді мамандар. Мектепке дейінгі білім беру саласында 41 ұйым 4 690 балаға қызмет көрсетуде. Педагогтердің кәсіби дамуына ерекше көңіл бөлінген. «Ұстаз» ұлттық платформасы арқылы аттестациядан өтуге 851 педагог өтініш білдіріп, өз біліктілігін арттыруға қызығушылық танытты.

Инфрақұрылым бағытында бірнеше білім беру нысандарында күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заманауи оқу ортасы қалыптастырылды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 1 500 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар мектептердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 30 мектепке бейнебақылау жүйесі, 15 мектепке турникет және мамандандырылған күзет орнатылған. Білім сапасы да оң динамика көрсетіп отыр. ҰБТ нәтижесі бойынша 1 267 оқушының орташа балы 59,1-ді құрап, 449 түлек мемлекеттік грант иегері атанды. Халықаралық PISA зерттеуі мен ББЖМ мониторингі нәтижелері аудан оқушыларының республикалық деңгейден жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгенін көрсетті.

Сонымен қатар 2025 жылы оқушылар халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі білім сайыстарында 3 500 қатысушының ішінде 295 жүлделі орын иеленді. Шардара ауданында атқарылған бұл жұмыстар білім сапасын арттыруға, педагогтердің кәсіби деңгейін көтеруге және қауіпсіз, заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.

Әлеуметтік желіде бөлісу