ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА БІЛІМ САЛАСЫ ЖҮЙЕЛІ ДАМУДА: САПА, ҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ ЦИФРЛАНДЫРУ БАСТЫ НАЗАРДА

Ордабасы ауданында 2025 жылы білім беру саласында ауқымды және жүйелі жұмыстар атқарылды. Аудандық білім бөлімінің 2025 жылғы қорытындысы мен 2026 жылға арналған жоспарлары туралы ақпаратты тікелей эфир арқылы мына сілтеме бойынша тыңдауға болады: https://www.facebook.com/share/v/185GHgJLRh/?mibextid=wwXIfr

Ауданда 78 мектепте 37 962 оқушы білім алуда. Үш ауысымды және апатты мектептердің болмауы білім инфрақұрылымының тұрақты дамуын көрсетеді. Жыл қорытындысы бойынша 5 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, 482 орындық 2 жекеменшік мектеп ашылды. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 1 мектеп ел игілігіне тапсырылып, тағы 2 мектептің құрылысы 2026 жылы аяқталмақ. Қауіпсіздік бағытында барлық мектептер 100% бейнебақылау жүйесімен қамтылып, дабыл түймелері орнатылған және ЦОУ-ға қосылған. Барлық мектептер ішкі әжетханамен қамтамасыз етілген. 66 мектепте e-асхана жүйесі енгізіліп, 14 436 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған. Балабақшаларда қамту деңгейі 99%-ға жетіп, Face ID жүйесі енгізілуде.

Білім сапасы да оң көрсеткіштерге ие. ҰБТ нәтижесі бойынша орташа балл 78,5-ті құрады. 630 түлек мемлекеттік грант иегері атанса, 132 оқушы «Алтын белгі», 199 түлек «Үздік аттестат» иегері атанды. Оқушылар халықаралық, республикалық және облыстық білім сайыстарында 266 жүлде жеңіп алды. Педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру бағытында 1260 мұғалім арнайы курстардан өтті. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында ұлттық құндылықтарға негізделген жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Ордабасы ауданында білім сапасын арттыру, қауіпсіз орта қалыптастыру және цифрлық жүйелерді енгізу бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен нәтижесін беріп келеді.

Әлеуметтік желіде бөлісу