АҒЫЛШЫН ТІЛІНДЕГІ ЭССЕ БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДАНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫ КЕЗЕҢІ ӨТУДЕ
Республика көлемінде 9–11 сынып оқушыларына арналған ағылшын тіліндегі сыни ойлау және философия пәндері бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі өңірлерде онлайн форматта басталды. Білім сайысына Түркістан облысынан іріктелген 35 оқушы қатысып, өз білімдерін сынауда.
Шешуші кезеңде қатысушылар 10:00–13:00 аралығында ағылшын тілінде 500–700 сөз көлемінде эссе жазуда. Бұл тапсырма оқушылардың сыни ойлау қабілетін, логикалық талдауын, философиялық пайымын және тілдік сауаттылығын бағалауға бағытталған. Олимпиаданың негізгі мақсаты – орта білім беру жүйесінде философиялық ойлауды дамыту, жоғары сынып оқушыларының пәнге қызығушылығын арттыру және олардың шығармашылық-сыни көзқарасын қалыптастыру. Сонымен қатар қатысушылар қазіргі қоғам мен жаһандық деңгейдегі өзекті мәселелерді этикалық тұрғыдан саралап, өз ойларын еркін әрі дәлелді жеткізу дағдыларын дамытады. Қорытынды кезеңге жолдама алған барлық оқушыларға сәттілік тілейміз. Жоғары нәтиже көрсетіп, республикалық деңгейде үздік атануларына тілектеспіз.
