ТҮЛКІБАСТА БІЛІМ САПАСЫ, ҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ ТӘРБИЕ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Түркістан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Қалдықөзұлы Орынов Түлкібас ауданына жұмыс сапары аясында аудандық білім беру ұйымдарының басшыларымен кеңейтілген жиын өткізді.
Жиында ауданның білім саласындағы қазіргі жағдайы сараланып, білім сапасын арттыруға бағытталған негізгі міндеттер айқындалды. Басқарма өкілі білім беру ұйымдарының басшыларына басқару тиімділігін арттыру, педагогтердің кәсіби деңгейін көтеру және оқушылардың сапалы білім алуын қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді. Бүгінде Түлкібас ауданында 60 мемлекеттік мектепте 24 мыңнан астам оқушы білім алуда. Білім беру саласында 3 754 педагог жұмыс істейді.
Мектепке дейінгі білім беру бағытында 6 268 бала қамтылған. Бұл ретте балабақшалардағы тәрбие сапасы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері ерекше назарға алынды. Қосымша біліммен қамту деңгейі де жоғары. Ауданда оқушылардың 92 пайызы түрлі үйірмелер мен қосымша білім беру бағдарламаларына қатысады. Оқушыларды тасымалдау мәселесі бойынша да нақты жұмыстар жүргізілуде. Алыс елді мекендерден 452 оқушы қауіпсіз тасымалдаумен қамтылған. Бұл бағытта қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау тапсырылды. Жазғы демалыс кезеңінде 1 847 әлеуметтік осал санаттағы бала сауықтыру және демалыс шараларымен қамтылған. Балалардың қауіпсіз әрі тиімді демалысын ұйымдастыру жұмыстарының маңыздылығы атап өтілді. Жиын қорытындысында «Заң және тәртіп» қағидатын сақтау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын күшейту және «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын жүйелі жүзеге асыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.
