ЖЕТІСАЙДА ТЕХНИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ГУМАНИТАРЛЫҚ БАҒЫТТАҒЫ БІЛІМ ӘЛЕУЕТІ ДАМЫП КЕЛЕДІ
Түркістан облысы Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Орынов жұмыс сапарымен Жетісай ауданына барып, 60 жылдық тарихы бар Ғани Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжінің жұмысымен танысты.
Бүгінде оқу орнында 11 мамандық және 12 біліктілік бойынша 1812 студент білім алуда. Колледждің материалдық-техникалық базасы кезең-кезеңімен жаңартылып, «Электроника», «Робототехника», «Прототиптеу», «Виртуалды әлем», «Графика және дизайн», «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» бағыттарындағы оқу кабинеттері заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар оқу орнында студенттерге қолайлы жағдай жасалған. Колледждің оқу корпусы мен екі жатақхана жұмыс істейді. 2024 жылы №1 жатақханаға күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңа жиһаздар мен қажетті техникалармен жабдықталған.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берілді. Ғалымжан Орынов колледж ұжымының кәсіби даярлық бағытындағы жүйелі еңбегін атап өтті.
Колледж студенттері де жоғары жетістіктерімен көзге түсіп отыр. «WorldSkills Kazakhstan–2025» республикалық байқауында «Прототиптеу» құзіреттілігі бойынша Қарсыбай Патима және «Мектепке дейінгі білім беру» құзіреттілігі бойынша Маханбет Әдемі алтын медаль иегері атанып, облыс абыройын асқақтатты.
Жетісай ауданындағы бұл нәтижелер техникалық және гуманитарлық бағыттағы білім сапасының артып келе жатқанын көрсетеді.
