«КЕЛЕШЕК МЕКТЕПТЕРІ» ОҚУШЫЛАРЫ АРАСЫНДАҒЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФУТЗАЛ ТУРНИРІНДЕ ТҮРКІСТАНДЫҚТАР ЖҮЛДЕ ИЕЛЕНДІ
Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында «Келешек мектептерінің» 7–8-сынып оқушылары арасында футзалдан республикалық турнир өз мәресіне жетті. Ауқымды спорттық дода биылғы Ұлттық мектеп лигасының ресми ашылу салтанатымен қатар өтіп, нағыз спорт мерекесіне ұласты. Жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров та шараға қатысты. Турнир қорытындысы бойынша Түркістан облысының намысын қорғаған облыс орталығындағы №33 жалпы білім беретін мектеп командасы жүлделі ІІІ орынды иеленді. Сонымен қатар Түркістандық оқушылар «Үздік қақпашы», «Үздік шабуылшы» және «Үздік сұрмерген» номинациялары бойынша да марапаттарға ие болды. Үш күнге созылған жарысқа еліміздің әр өңірінен келген 20 команда қатысып, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Турнирдің негізгі мақсаты – мектеп спортының дамуын қолдау, салауатты өмір салтын насихаттау және оқушыларға арналған заманауи спорттық мүмкіндіктерді кеңейту.

