МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ НАУРЫЗ МЕЙРАМЫНА ОРАЙ ӨТКЕН МӘДЕНИ-РУХАНИ ІС-ШАРАЛАРМЕН ТАНЫСТЫ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мейрамы аясында ұйымдастырылған іс-шаралар өтіп жатқан «Керуен сарай» кешеніне барды. Мемлекет басшысына еліміздің тарихи-мәдени мұрасын кеңінен таныстыратын арнайы мерекелік бағдарлама ұсынылды. Шара барысында қыш және ағаш шеберлерінің қолөнер туындылары, тігін және зергерлік бұйымдар, теріден жасалған ұлттық өнімдер, сондай-ақ суретшілердің ұлттық рухты бейнелеген шығармалары көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар Президент ұлттық спорт түрлерінен ұйымдастырылған сайыстарды тамашалады. Атап айтқанда, қазақ күресі, гір тасын көтеру, қол күресі, асық ату, арқан тарту, жамбы ату, тоғызқұмалақ, ләңгі тебу және қошқар көтеру сияқты ұлттық ойындар көрермен назарына ұсынылды. Мерекелік іс-шаралар қазақ халқының салт-дәстүрі мен рухани құндылықтарын дәріптеуге бағытталған.

