ТҮРКІСТАНДА 35 МЫҢНАН АСТАМ ТҮЛЕК МЕКТЕППЕН ҚОШТАСТЫ
Түркістан облысының барлық білім беру ұйымдарында мектеп бітіруші түлектерге арналған «Соңғы қоңырау» салтанатты іс-шаралары жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Биылғы жиындар «Заң және тәртіп – халықтық Конституция құндылықтары» тақырыбында өтіп, оқушылардың қауіпсіздігі мен құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған тәрбие сағаттарымен жалғасты.
Салтанатты іс-шараларға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, түлектерді оқу жылының аяқталуымен құттықтап, ұстаздар қауымына алғыс білдірді. Ол өз сөзінде білімнің ел дамуы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтіп, жастарды заманауи білім мен технологияны игеруге шақырды. «Бүгінгі түлектер – Тәуелсіз Қазақстанның болашағын айқындайтын буын. Білім мен еңбек – табысқа жетудің басты кілті. Армандаудан қорықпай, алған білімдеріңізді еліміздің дамуына бағыттаңыздар», – деді өңір басшысы. Биыл облыс бойынша 35 294 оқушы 11-сыныпты аяқтады. Олардың ішінде 2 416 оқушы «Алтын белгіге», 3 141 түлек «Үздік аттестатқа» үміткер атанып отыр. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 31 535 оқушы қатысуға өтінім білдірген.
Түркістан облысында 1 106 мектепте 554 мыңнан астам оқушы білім алып, оқу жылын аяқтады. Бұл көрсеткіш республика бойынша жалпы оқушылар санының 14,2 пайызын құрайды. Өңір оқушылары білім бәсекелерінде де жоғары нәтижелер көрсетті. Ауыл мектептері оқушыларына арналған республикалық олимпиадада Түркістан облысының командасы алғаш рет Бас жүлдені жеңіп алып, «Ең үздік олимпиадалық команда – 2025» атағына ие болды. Жыл бойы өткен халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми байқауларға 5 980 оқушы қатысып, олардың 2 691-і жүлделі орындарға ие болды. Республикалық деңгейде 169 оқушы, халықаралық деңгейде 14 оқушы жеңімпаз атанды.
Сонымен қатар, АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен робототехникадан әлем чемпионатында Төлеби ауданының «TOLEBI DARYN» командасы әлемнің үздік 5 командасының қатарына еніп, II орын иеленді. Ал Қазығұрт ауданының Qazygurt командасы Грекияда өткен халықаралық чемпионатта да II орынға ие болды. 2025–2026 оқу жылында өңірде 20 жаңа білім беру ұйымы пайдалануға берілді. Оның 16-сы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынды. Жалпы, бұл жетістіктер Түркістан облысында білім сапасын арттыру, дарынды оқушыларды қолдау және заманауи білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесі болып табылады.
